02
сентябрь
2019
Мектеп тарихы
«МЕКТЕП – БІЛІМ ОШАҒЫ»Білімнің ақ ордасы «Комсомол кентінде» орналасқан мектебіміз іргелі мектептер қатарына жатады. 1966-1967 оқу жылында №33 орта мектебі шәкірттерге есігін айқара ашты. Мектеп 964 орынға жоспарланып салынды. Бірақ Юность шағын ауданында мектеп болмағандықтан бала саны көп болды.
1966-2018 оқу жылдары аралығында метеп басшылығында 6 директор қызмет жасады. Олар: Филимонов Г.Н., Поспехов И.А., Новикова А.Г., Темирханова Р.Б., Карамбаева М.И., Жансултанов С.Г.
Қазіргі кезде мектеп директоры Жансултанов Серик Габдуллинович.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 3 қазандағы №1021 қаулысымен мектепке Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың есімі берілді.
2006 жылы ресми түрде Семей қаласындағы №33 орта мектебіне Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың есімі берілді. 2007 жылдан бастап желтоқсан құрбаны, халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков есімімен аталады. Оған 2006 жылы Жамбыл қаласынан келген Қайраттың анасының: «Тәуелсіздік үшін жанын қиып, қабірі қалған ұлыма осы жерден бір мектептің аты берілсе...,» - деген арманы арқау болған. Ананың ақ тілегі мектеп басшысы мен ұжым, ата – аналардың сұранысымен тұстас келді. Қазақстан бойынша батыр есімімен аталатын екі мектептің бірінің №33 мектепке берілуі біз үшін үлкен бақыт. Қаһарман есіміне лайықты оқушыны оқыту, тәуелсіз мемлекетімізге тәрбиелі де инабатты, мейірімді шәкірттерді тәрбиелеу мына біздің міндетіміз.
Мектеп бойынша сабақ екі ауысымда жүргізіледі, оқыту тілі – қазақ тілі, қоғамдық – гуманитарлық және жаратылыстану – математикалық бағытта білім беретін мектебімізде 400 ден астам бала білім алуда
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар. Мектебімізден қаншама шәкірт қанатын қатайтып, түлеп ұшты. Өмірден өз орнын тауып, «дүниенің кірпіші болып қаланып», ел игілігіне еңбек етіп жатқан қаншама шәкірттерімізді үлгі етіп мақтан тұтамыз.
Сапалы білім, саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында әр оқу жылында мектебіміздің шәкірттері үздік көрсеткіш көрсетіп, қалалық олимпиада, облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындарды иеленуде.
Ордамызда Қайрат Рысқұлбековке арналған мұражай бар. Кабинеті шағын болса да, іші тұнып тұрған асыл қазына. Ер есіміне арналған деректерден өзге Қайраттың марқұм анасы өз қолымен табыстаған дүниелерде аз емес.
Мұражайға әр оқу жылында қалалық мектеп оқушылары, Өскемен қаласынан және республикамыздың басқа облыстарынан да қонақтар көптеп келіп тұрады. Қуантатын жай жылдан – жылға Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ғана емес, жалпы жыл бойына келіп, қызығушылық танытатын оқушылар саны артуда.
Қайрат Рысқұлбеков атындағы №33 жалпы орта білім беретін мектеп ұстаздары сапалы білім, саналы тәрбие беруді қалтқысыз орындап келеді.
Болашақта да ордамыздан тәрбиелі, білімі мол, өз Отанының патриоты бола алатын ұл – қыздарымыздың қанат қағатынына, биікке самғап ұшатынына кәміл сенеміз.